Бұл туралы Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО кірістер департаменті басшысының орынбасары Бақытбай Көпбасаров мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдайға сәйкес мемлекеттік кірістер органдарына келуге және қызметкерлермен байланыс жасауға шектеу қойылған. Сонымен қатар, халыққа қызмет көрсету орталығында орналасқан өзіне-өзі қызмет көрсету терминалына және мемлекеттік қызметтер бойынша өтініштерді қабылдауға шектеу талап етіледі.
Электронды түрде қол жетімді мемлекеттік қызметтер тек электронды сервистер арқылы жүзеге асырылады, ал қағаз түрінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер кеңсе арқылы қабылданады. Вирустың таралу қаупін азайту мақсатында, мемлекеттік кірістер органдарына келмей-ақ, барлық қажетті сұрақтарыңыз бойынша Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде құрылған контакт-центр телефон номерлері арқылы байланысуға жағдай жасалған.
Қазіргі жағдайға байланысты жерлестерімізді қолдау мақсатында, салық кодексінің 19, 212-баптарын басшылыққа ала отырып, салықтық есептілікті электрондық нысанда ұсынған кезде,олардың ұсыну мерзімі 2020 жылдың 30 сәуіріне дейін ұзартылды. Электрондық түрде қол жетімді мемлекеттік қызметтер тек МКК-нің, egov.kz ақпараттық жүйелері арқылы көрсетіледі, - деді Бақытбай Көпбасаров.
Сонымен қатар, салық төлеушілерден ұзарту туралы қосымша өтініштер мен хабарламалар жолдау талап етілмейді. Сондай-ақ, салық төлеушілер департамент сайтында көрсетілген телефондар және әлеуметтік желілер арқылы хабарласып барлық консультациялық сұраққа жауап ала алады.