Бұл туралы Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап mangystaumedia.kz сайты хабарлайды.
Төтенше жағдайға байланысты Ақтау қаласындағы барлық мал сату және сою пунктінде, базарларда күніне екі рет санитарлық-дезинфекциялық жұмыстары жасалынады. Есік тұтқаларына, еденге, кіреберістерге хлор препараттарымен тазалық жүргізіліп жатыр.
Басқа облыстардан мал тасымалдау жұмыстарына шектеу қойылмаған. Әкелінген барлық төрт түлік тексеруден өткізіледі. Қазіргі жағдайға байланысты облыс көлемінде бірде-бір мал ауруы тіркелген жоқ. Дезинфекциялау кезінде мал қоралар, жем-шөп сақталған қоймалар мен мал таситын құралдар да тазаланады. Сонымен қатар, мал базарына кіріп шыққан әр бір автокөлік арнайы дизбарьерден өтеді. Айта кетейік, жұмыс уақыты таңғы 6-дан күндізгі 3-ке дейін қысқартылған.
«Қазіргі таңда барлық санитарлық жұмыстар күшейтіліп, барлығы толықтай бақылауға алынды. Мәселен, бүгін «Елнар» мал базары мен мал сою пунктінде болып, тексеріп қарап шықтық. Санитарлық дизенфекциялық жұмыстар корсепті 17 препаратымен, тазалық сақтаудағы антисептикалық жұмыстар дихлор сұйықтығымен жасалынады. Негізінен бізге малдар Орал, Ақтөбе облыстарынан келеді. Барлық малдардың жағдайы толықтай тексеруден өткізіліп, белгілі уақыттан кейін ғана сатуға шығарылады», - дейді Ақтау қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Нұрберген Мамутов.