Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Салтанат Унбаева биология пәнін Youtube желісіндегі өз каналы арқылы оқытып жүр. Каналды ашқанына төрт жылдай уақыт болған. Қазіргі таңда он төрт мыңнан аса көрермені бар. Ол биология сабақтарын балаларға барынша қысқа әрі қызықты етіп жеткізуге тырысады.
«Каналды 2015 жылы жүргізе бастадым. Заманауи білім беру әдісін қолдана отырып, өзімді мұғалім ретінде жаңа қырымнан танығым келді. Басында видеосабақтарды түсіру техникалық тұрғыдан қиындықтар тудырғанымен, кейін үйреніп кеттім. Оқушыларым да каналдың тиімділігін айта бастады», - дейді Салтанат Унбаева.
Бүгінде ұстаздың арнасында жануарлардың жүйке жүйелерінің типтерінен бастап бұлшық еттер арасындағы байланысқа дейінгі тақырыптардағы видеосабақтар бар. Мұғалімнің айтуынша, сабақтар оқушылардың ұсынысы мен зияткерлік мектептің оқу бағарламасы аясында түсіріледі. Десе де өзге жалпы білім беру мектептерінің оқушылары видеосабақтар аясында түсінбеген сұрақтарына жауап алатын көрінеді.
«Қазіргі таңда жаратылыстану бағытындағы пәндерді қазақ тілінде оқытатын онлайн-канал өте аз. Сондықтан арнамдағы сабақтар мен тақырыптар легін көбейтуді жоспарлап отырмын. Биологияның қыр-сырын қысқа әрі нұсқа түрде жеткізу арқылы оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттырғым келеді», - дейді жас мұғалім.
Сонымен қатар жас мұғалім видеосабақтар негізінде іс-әрекетті зерттеу жұмысын жасаған.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА