Өңірімізде 2019-nCov инфекциясының алдын алу бойынша қандай нақты шаралар жүргізіліп жатқаны жөнінде Маңғыстау облысының тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасымен қауіпсіздігін бақылау Департаментімен хабарласып, төмендегідей ақпарат алдық. Мамандардың айтуынша, облыс аймағында оқшаулауға арналған стационарлар бекітілген.
Бұлар — Маңғыстау облыстық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімі (60 койка); облыстық туберкулезге қарсы диспансер (провизорлық стационар) – 200 койка; Жаңаөзен қалалық көп бейінді аурухананың жұқпалы аурулар бөлімі – 60 койка.
Коронавирус инфекциясының алдын алу және республика аймағына таралмауы мақсатында ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің соңғы, 2020 жылғы 4 наурыздағы №12 «Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияның профилактикасы шараларын одан әрі күшейту туралы» Қаулысына сәйкес іс шаралар жүргізілуде.
Қаулыға сәйкес, коронавирус инфекциясы бойынша қолайсыз шет мемлекеттердің тізімі категориялар бойынша анықталды. Сол тізімге байланысты 1 А санатындағы Иран және Италия елдерінен Қазақстан Республикасына кірген сәтінен бастап 14 күнге, жергілікті атқарушы органдар айқындаған провизорлық госпитальдарда оқшауланады.
1 Б санаты бойынша Қытай Халық Республикасы, Оңтүстік Корея, Германия, Испания, Франция елдерінен келген азаматтары Қазақстан Республикасының шекарасына өткен күннен бастап 14 күн бойы үйінде тұрғылықты мекен жайы бойынша оқшауланады. Медицина қызметкерлері күнделікті қоңырау шалу арқылы медициналық бақылау жүргізеді. Үйде оқшаулауға жағдайлар болмаған кезде емдеуге жатқызу ұсынылады.
2 санаты бойынша Австрия, Бельгия, Дания, Катар, Норвегия, Нидерланды, ОАЭ, Швейцария, Швеция елдерінен келген азаматтарды ҚР шекарасын откен күннен бастап 14 күн бойы тұрғылықты жері бойынша қоңырау шалу арқылы медициналық бақылау жүргізіледі.
Маңғыстау облысы бойынша бүгінгі таңда короновирус инфекциясы тіркелген жоқ. Облыс көлемінде шет мемлекеттерден келетін азаматтарға Қазақстан Республикасының шекарасынан өткізу барысында арнайы санитарлық карантиндік пункттердің бөлімшелері мамандарымен қызмет көрсетеді.
Облыс көлемінде 7 санитарлық карантиндік пункттер жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 2-уі автөкөлік бекетіндегі «Темір-Баба», «Тәжен», 2-уі Ақтау, Құрық теңіз порттарында, 1-і әуежайда, 2-і теміржолы көлігінде «Болашақ» станциясы, «Оазис» Бейнеу станциясында. Бұлардың барлығында келген азаматтартепловизормен тексерілуден өтеді.
Халықаралық әуежайдағы санитарлық карантиндік пункттерге көмекке Ақтөбе қаласынан 4 маман, обаға қарсы күрес станциясынан және Маңғыстау облысының тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасымен қауіпсіздігін бақылау Департаменті мамандары жұмылдырылды. Ішкі және сыртқы рейстерге тексерулер күшейтілді.Облысқа Короновирус (2019-nCov) инфекциясына зертханалық тексеру жүргізу Ұлттық сараптау орталығының вирусология зертханасында жүзеге асады.
Коронавирус, бұл латын тілінен аударғанда – crownc (тәж) halos – шеңбер деген сөздерінен пайда болған атау. Микроскоппен қарағанда осы екеуінің қосындысы көрінеді.
Короновирус инфекциясы Қытай Халық Республикасы Хубей провинциясының Ухань қаласында пайда болды. Оны алғашқы жұқтырғандардың көбі теңіз өнімдерін сататын базарда жұмыс істейтін сауда қызметкерлері мен осы өнімдерді тұтынушылар болатын.
Короновирус инфекциясының алғашқы белгілері тұмауға ұқсас басталады.
Короновирус инфекциясынан қорғану үшін қолды үнемі мұқият сабындап жуу керек, сондай-ақ құрамында спирті бар тазалауға арналған құралдарды қолдану тиімді. Түшкіргенде немесе жөтелгенде ауыз бен мұрынды бір реттік орамалмен (салфетка) жабу. Ауру дәл осы жолмен таралады. Бөлмені үнемі желдету және ылғалды тазалау керек. КВИ бойынша қолайсыз елдерден келген азаматтар 14 күн ішінде тұмауға ұқсас клиникалық белгілер пайда болған жағдайда үйде қалып, дәрігер шақыртуы керек. Барынша отбасының басқа мүшелерінен аулақ болып, медициналық маска киіп, жеке гигиена ережелерін сақтауы керек. Бұл басқаларға ауру жұқтырмау және ауруды таратпау үшін қажет. Дене шынықтырумен шұғылдану, дұрыс тамақтану, уақтылы және жеткілікті дем алу, дәрумендік-минералдық кешендерді қабылдап, ағзаның қорғаныс күштерін арттыру ұсынылады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА