Әлеуметтік желілерде «Жаңаөзен су тасқынына дайындалуда» тақырыбымен бейнежазба тарап жатыр. Бұл ақпарат - жалған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Жайнат Ауесбаев бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.
- Құрметті Маңғыстау облысының тұрғындары мен қонақтары, әлеуметтік желіде тарап жатқан Маңғыстау облысы аумағындағы Жаңаөзен қаласындағы су тасқыны қауіпі бар деген ақпарат жалған. Қазіргі таңда Маңғыстау облысында су тасқыны қауіпі жоқ. Әлеуметтік желіде тек қана ресми мемлекеттік мекемелерден алынған ақпараттарға сенулеріңізді сұраймыз,-деді Жайнат Ауесбаев.
Ал жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тлекберген Селбаев жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын айтты.
- Құрметті азаматтар, бұл жалған ақпарат екендігін хабарлаймыз. Сізден шындыққа жанаспайтын ақпараттарды таратпауларыңызды және тек ресми ақпарат көздеріне сенулеріңізді сұраймыз. Сондай-ақ, жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ҚК 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз,-деді Тлекберген Селбаев.