28-29 маусымда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, екі елдің мәдени құндылықтарын сақтау және насихаттау мақсатында биден «Dance Battle Tashkent» атты халықаралық чемпионат өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Биылғы додаға Өзбекстанның бірнеше қаласы мен Қазақстанның Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Тараз, Сарыағаш қалаларынан би ұжымдары қатысты. Өнерлі өрендердің бәсекесінде «Жорға» би мектебінің кіші ансамблі «жеке биші», «эстрадалық-сахналық би» аталымдарына қатысып, екі қойылымы да бас жүлдені иеленді.
Чемпионаттан кейін жетекшілермен өткен дөңгелек үстелде қазылар алқасы, Өзбекстанның Мемлекеттік би академиясының педагогтары Азиза Кодирова, Шахзод Кучкоров маңғыстаулық бишілерге жоғарғы бағасын беріп, ұжымның, жетекшінің еңбегін атап өтті.
«Жорға» би мектебінің педагогы, кіші ансамбль жетекшісі Асемай Айдарбекованың еңбегі зор, ерекше. Асемайдың өзі кішкентайынан сахнадан көрініп, бірнеше дүркін халықаралық би байқауларының лауреаты атанған талантты биші. Бүгінде ол би өнерін өзінің кәсібі еткен облысымыздың үздік маманы.