«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасына 4 түрлі өзгеріс енгізілді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте ҚР Сауда және интеграция министрлігі Маңғыстау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрберген Мамутов мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, бірінші өзгеріс аясында заңның 54-бабында кәсіпкер сотқа дейін тұтынушының заңды талаптарын қанағаттандырмаса, сот арқылы тұтынушының пайдасына айыппұл салу көзделеді. Бұл айыппұлдың ерекшелігі — тараптардың бәсекелестігі негізінде сот арқылы өндірілген айыппұл соммасы сотта өзінің заңды тұтынушылық құқықтарын қорғаған тұтынушының пайдасына аударылатын болады.
- Заңнамадағы екінші өзгеріс — тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша омбудсмен институтының енгізілуімен тұтынушылардың құқықтарын қоғамдық қорғауды институционалдық күшейтуді жүзеге асыру. Омбудсмен функцияларына тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қоғамдық институттардың жұмыстарын үйлестіру, тұтынушылардың белгісіз тобының құқықтарын қорғау, нарық тараптарының мүдделерінің тепе-теңдігін сақтау кіреді, - деді Нұрберген Мамутов.
Сондай-ақ, қоғам белсендісі Шынар Рахманова жаңа өзгерістің қатарында азаматтардың сотта қорғауға конституциялық құқығына сәйкес тұтынушылардың шағымдарын қараудың бюрократиялық төрт сатылы алгоритмін жеңілдетіп, екі сатылы алгоритмге өткізу бар екендігін айтты. Бұл дау екі тарап арасындағы дауларды сотқа дейінгі алдын ала реттейтін болады.
- Сонымен қатар, заңнама мазмұнында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың салааралық үйлесімін күшейту қарастырылған. Ол үшін коммуналдық, көліктік, медициналық, туристік, байланыс қызметтері және кәсіпкерлік субъектілері көрсететін өзге де қызметтер салаларына тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың базалық қағидаттарын тарату көзделіп отыр, - деді Шынар Рахманова.