Ақтаудағы 16 шағынаудан тұрғындары тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару тиісті деңгейде емес екеніне шағымданды. Олардың айтуынша, қоқыс бірнеше күннен бері шығарылмаған, салдарынан шағынаудан іші қоқыс алаңына айналып барады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тұрғындар шағымын облыс әкімінің телеграм арнасы арқылы жеткізді.
«16 шағынаудан қоқыс полигонына айналып барады. Қандай да бір шара қолданыла ма, әлде қоқыс үйінділерінің көбеюін күтеміз бе? Айналамыз қоқысқа толып кетті», - деп жазады тұрғындар.
Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі 16 ықшамауданда қоқыс шығарылып жатқанын хабарлады. Аталған шағын аудандағы қатты қалдықтарды шығарумен «Верси» ЖШС-і айналысады. ТҮКШ бөлімі мердігер компанияға ескерту жасағандарын, сондай-ақ қоқыс шығару жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатқанын айтты.
Ал компания өкілдері қаладағы бірнеше күнге созылған көктайғаққа байланысты кестедегі уақыттан артта қалғандарын айтты. Дегенмен қазір жұмыс қалыпты жүріп жатыр. Олардың айтуынша, екі күн ішінде барлық қоқыс қалдықтары шығарылмақ.