«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «Caspi Bitum» БК ЖШС Ақтау битум зауытына барды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Caspi Bitum» БК ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Талғат Мұқанов өндірістік бағдарламаның орындалуы мен бірінші жартыжылдықтың негізгі көрсеткіштері туралы мәлімдеді. Биыл Caspi Bitum 393 мың тонна битум өндіруді жоспарлаған. Сонымен қоса жол-құрылыс компаниялары тарапынан битумға тапсырыстың тұрақсыздығына байланысты биыл 7 айда былтырғымен салыстырғанда зауыт 50 мың тоннаға аз өнім шығарғанын атады.
Мағзұм Мырзағалиев өз кезегінде Ақтау битум зауытының өндірістік мүмкіндігі толығымен пайдаланылмай отырғанын атады. Мұның басты себептерінің бірі жол-құрылыс жұмыстарының жыл бойы қаржыландырылмауынан болып отыр. Соның салдарынан жол компаниялары битумға тапсырысты қыста ғана емес, көктемде де беріп үлгермейтін көрінеді.
«Өнімге сұраныс тек белгілі бір маусымда артатынын ескере отырып, күз, қыс және көктем мезгілдерінде тасымалдау мен сақтауға қолайлы «биг-бэг» қаптарға буып-түйілген битум өндірісін дамыту керек. Мұндай өнім қыздыруды қажет етпейтін болғандықтан жоғары сапасын сақтап тұрады. Кәсіпорынның бұл бағытта тәжірибесі бар. Caspi Bitum зауытының арнайы қаптарға буылған битум өндірісінің қуатын қоса алғанда (айына 36 мың тонна), бұл өнім түрін шығаруға техникалық мүмкіндігі жеткілікті. Тек өтінімдердің уақтылы берілуі мен биг-бэгтерді жеткізу бойынша ресурс қажет»,- деп атап өтті М.Мырзағалиев.
Сонымен қатар, Қазақстанда жол битумына қажеттілік ішкі нарықта жыл сайын артып келеді. Осы мақсатта зауыттың мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорында жол битум өндірісін жылына 750 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.
Қазіргі уақытта қытайлық серіктес Нанкин мұнай-химия жобалау институтымен (NJPEC) бірлесіп алдын ала техникалық-экономикалық зерттеу жүргізілді. NJPEC-пен жасалған келісімшартқа сәйкес, «Қолданыстағы өндірісті кезең-кезеңімен жаңғырту арқылы мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 млн тоннаға дейін арттыру бойынша техникалық-экономикалық есептерді қоса алғанда техникалық аудит жүргізу» жұмысы басталған. Іске қосу және реттеу жұмыстарының басы 2024 жылдың тамызына жоспарланып отыр.