Маңғыстауда мемлекеттік рәміздерді, ел тарихы мен тұлғалардың өмірін насихаттауға бағытталған «Патриот бол» таксиі іске қосылады. Жоба 1 маусымнан бастап 30 қарашаға дейін жалғасады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жобаның мақсаты - жастарға мемлекеттік рәміздерді насихаттау арқылы патриотизмді қалыптастыру. Сондай-ақ азаматтардың бойындағы ұлтжандылық қасиетін ояту, Отанға деген сүйіспеншілігі мен адалдығын арттыру. Жоба Маңғыстау облысының аумағындағы 6-35 жас аралығындағы азаматтарға арналған.
- Жобаның басты ерекшелігі - «Патриот такси». Такси қала, аудан көшелерін аралап, жолаушыларды діттеген жеріне тегін жеткізеді. "Патриот" таксиіне отырған әрбір жолаушы 3 кезеңнен тұратын интелектуалдық ойынға қатысады. Такси жүргізушісі қойған сұрақтарға мүдірмей жауап берген жолаушы арнайы сыйлықтарға ие болады. Сондай-ақ «Біле жүріңіз!» айдарында такси жолаушыларына мемлекеттік рәміздердің мағынасы, тәуелсіз ел болуға үлес қосқан ұлы тұлғалардың азаматтық еңбегі мен қызмет жолы туралы мағұламаттар айтылады, - дейді жоба жетекшісі Әлия Исаева.
Бұдан бөлек Ақтау көшелеріне 60 мемлекеттік ту ілінеді, 2 қоғамдық автобус брендтеледі. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздер күнінің мәртебесін көтеруге бағытталған ашық аспандағы қоғамдық-тарихи іс-шара ұйымдастырылады.
Жобаны «JASART» жеке меншік мекемесі Маңғыстау облысының Ішкі саясат басқармасының тапсырысы негізінде орындайды.