Ақтаудың 27-шағын ауданындағы 10 көпқабатты үйге әлі күнге дейін жылу берілмей жатыр. Күйінгеннен наразылыққа шыққан жұрт көшеге отын жағып жылынғаннан басқа амал қалмағанын айтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ашынған халық жауапты мамандарды сұрақтың астына алды. Тұрғындар жылу маусымы басталғалы баспанамыз тіптен жылынбады деп отыр. Ал пәтерге жылу жүрмесе де ақы төлеуге түбіртек келді дейді олар. Бұған дейін қаланың әкімімен де кездескен жұрт мәселенің түйіні шешілмегеніне наразы.
- Енді мынау ұят қой, қарағым. Өлдік қой. Ұлы Отан соғысында менің әкем өлді. Сонда да мынандай қорлық көрген жоқ едік. Осы үйден рахат көргеніміз жоқ. Мұздап, екі көрпе жамылып жатамын, - дейді 80 жастан асқан әжей.
Бұл шағын ауданның халқы тек жылу емес, тіршілік нәрінің де зардабын тартып отыр. Жаздан бері бір тамшы суды аңсаған халық емін-еркін дәретханаға да бара алмайтынын айтады.
- Жаз басталғалы су жоқ. Мәселе ыссы суда болып тұр. Қанша уақыттан бері неше комиссия келіп жатыр. Ешқандай шешім жоқ. Жазда да ауыз су болмады. Ұлы дәретімізді жібере алмай отырмыз, үйіміз сасып. Даладан су тасимыз. 21-ғасырда мынау не масқара?, - деді шыдамы таусылған тұрғынның бірі.
Бұл шағын ауданға жылу жеткізетін инженерлік желінің тоз-тозы шыққан. Соның кесірінен құбыр қайта-қайта жарылып жатыр. Мұны қаладағы жылу мен суға жауапты коммуналдық кәсіпорын да растап отыр. Олар «Жылу маусымына дайын болдық, дегенмен жылуды қосқан кезде құбыр желісінде апат болды» деп ақталды.
- Жаңа шағын аудандарда автоматты жылыту пункті бар. Олар сорғымен істейді. Бірақ кейбірі қосымша сорғы қойған. Нақтырақ қысым көтеретін сорғы қояды. Сол сорғылар трассадан жылуды тартып алып кетіп жатыр. Ол үйлерде жылу шамадан тыс болса, 27-шағын ауданның жылуы сол жаққа кетіп жатыр. Гидравликалық сынақтан кейін құбыр жарылды. Сол уақытта 27-шағын ауданның желісінде 8-9 апат болды, - деді «Каспий жылу, су арнасы» МКК директорының орынбасары Ислам Үсенов.
Ал дәл қазір су бойынша ешқандай мәселе жоқ дейді Ислам Үсенов. Қаладағы әр шағын ауданның жылу торабын тексеріп болған соң, бұл үйлердегі мәселе де реттелетінін жеткізді.
Махаббат Нұржанқызы