Атырауда өткен републикалық «Махамбет оқулары» байқауында маңғыстаулық оқушылар топ жарды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Байқау қорытындысы нәтижесінде маңғыстаулық Айнара Азиева «Біз неткен ер, неткен ер? Сергелдеңмен өткен ер» - шығармашылық жұмыс қорғау сайысында жүлделі I орынды иеленді.
Сондай-ақ «Шашақты найза, шалқар күй» - Махамбет күйлерін орындауда Маңғыстау облысының өнерпазы Ерасыл Есетов I орын алды.
Осы сайысқа қатысқан басқа да оқушылар жүлделі оралды. Маңғыстау ауданы, Е. Айшуақұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің 8 - сынып оқушысы Еділбай Ержан ІІ орын, Мұнайлы ауданы, № 13 мектеп - гимназиясының 11 – сынып оқушысы Полатов Наурызбек ІІ орын, Мұнайлы ауданы, № 9 жалпы білім беретін мектептің 10 – сынып оқушысы Халмуратов Асылбек ІІІ орынға ие болды.
Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға еліміздің 14 өңірінен 66 оқушы қатысқан.