Мандарин – жаңа жылдың символына айналды. Сұраныс артқан сайын баға шарықтап, сауда қызады. Kazinform сайты өңірлердегі мандарин бағасын салыстырып көрді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ел аумақтарындағы баға – әр түрлі. Мәселен, Ақтауда мандарин түріне қарай 750 теңгеден бастап, 1300 теңгеге дейін жетеді. Ал Қазақстан бойынша ең арзан мандарин – Талдықорғанда. Мұнда баға – 500-900 теңге аралығында.
Астана мен Павлодар – мандарин бағасы бойынша ең қымбат өңірлер, 1800 теңге.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Қазақстанға мандаринді импорттаушы негізгі елдер – Қытай, Пәкістан және Түркия.
Биыл қаңтар-қазан айы аралығында республикаға құны 35 607,2 мың АҚШ доллары болатын 51 969,9 тонна цитрус және экзотикалық жемістер импортталды. Өткен жылға қарағанда елімізге жеткізілген мандарин көлемі айтарлықтай артқан.