
Мәжілісте бұқаралық және балалар спортын дамыту мәселесіне арналған іс-шара өтті. Жиыннан кейін Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев жарысқа қатысатын баланың ата-анасынан ақша жинау қаншалықты заңды деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Ондай ақша жинау әрекетін бір сөзбен заңды немесе заңсыз деп айта алмаймыз. Бұл қаражатты жергілікті атқарушы органдар беріп жатыр. Енді оның балаларға жетуін бәріміз бірге қамтамасыз етуіміз керек. Сала мамандарымен қатар Қаржылық мониторинг, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттіктері де бұл іске атсалысып жатыр. Ата-аналар әр облыстың жарысқа бөлетін қаржысын білуі керек. Ұйымдастырушылар жарыстың қандай шығындарына мемлекеттен ақша бөлінгенін ашық көрсетіп, қатысушыларға сол мәліметті ұсынып отыруы керек. Мысалы „наурыз айында мынандай жарыс болады. Ол жарысқа алғаш болып тіркелген 26 адамның шығынына ақша бар“ деп алдын ала хабарлап отыру қажет. Ал қатысушылар саны 26-дан асып бара жатса, оларға басқа жолдарын қарастыру керек», — деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында.
Вице-министр бұл мәселеде басты жауапкершілік — бапкердің мойнында деген пайым айтты.
«Ата-анадан бұрын жарыстың шығынын кім өтейтінін жаттықтырушы білуі керек. Ал ата-ана сол жаттықтырушыдан сұрап, талап етеді. Бұл жерде ата-ана мен жарыс ұйымдастырушының арасындағы көпір — жаттықтырушылар. Сондықтан ата-аналар бүкіл мәселені жаттықтырушыдан сұрап, біліп отыруға хақылы. Бұл жерде негізгі жауапкершілік осы жаттықтырушыда», — деді Серік Жарасбаев.