Цифрлық даму министрі 2023 жылғы 28 шілдедегі "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақылардың өсіміне өтемақы төлеудің мөлшерін анықтау және қағидаларын бекіту туралы" бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұйрықтың мәтініне сай, әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін тарифтердің көтерілуіне байланысты ай сайынғы өтемақы мөлшері қолданыстағы тарифтік жоспар бойынша байланыс қызметтеріне ай сайынғы нақты шығыс пен қазіргі шығыс арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Құжатта әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсету тарифтерінің қымбаттауына байланысты өтемақы тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерді тұтынуға ақы төлеу үшін тұрғын үй көмегінің бөлігі болатын ақшалай өтемақы түрінде беріледі деген.
Өтемақы алуға кім құқылы?
Өтемақы Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғын үй ретінде меншік құқығындағы тұрғын үйде тұрақты тіркелген және тұратын әлеуметтік қорғалатын азаматтарға, сонымен қатар мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға) төленеді.
Қандай құжаттар қажет?
Өтемақы алу үшін абонент тұрғылықты жері бойынша уәкілетті органға тұрғын үй көмегін тағайындау үшін қажет құжаттармен жүгінуі қажет. Құжаттардың тізбесі тұрғын үй көмегін көрсету ережелерімен айқындалады және мыналарды қамтиды:
* өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттар (түпнұсқасы сәйкестендіру мақсатында ұсынылады);
* аз қамтылған отбасының табысын растайтын құжат;
* зейнетақы жарналары туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған ақпаратты қоспағанда);
* жұмыс орнынан анықтама немесе жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама;
* балаларға және басқа да асырап отырған адамдарға алимент төлеу туралы мәліметтер;
* банк шоты;
* кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге ай сайынғы жарналар бойынша шот-фактуралар;
* коммуналдық төлемдер;
* телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шоттар немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмелері;
* мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдалануға арналған шығыстың шоттары.
Өтемақы төлеуге қаражатты қандай тәртіппен аударады?
Уәкiлеттi орган әр айдың 5-iне дейiн өткен ай үшiн әлеуметтiк қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерiн көрсетуге тарифтердiң өсуiне өтемақы төлеуге қаражат қажет екенiн рәсiмдейдi және оны мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органға жолдайды.
Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсету тарифтерінің өсімін өтеуге қаражатты аумақтық қазынашылық органдарына аудару кезінде уәкілетті орган төлемдердің мерзімі мен сомасын көрсете отырып, абоненттердің тізімі қоса берілген төлемге шот-фактураны ұсынады.
Өз кезегінде уәкілетті орган тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың 5-іне бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға әлеуметтік қорғалатын адамдарға телекоммуникация қызметтерін көрсетуге тарифтердің көтерілуін өтеуге төленген сомалар туралы ақпаратты ұсынады.
Бұйрық 2023 жылдың 13 тамызынан бастап қолданысқа енеді.