Қазақстандық стандарттау және метрология институты қараусыз қалған жануарларды аулау және тасымалдау барысын реттеуге бағытталған арнайы жобаны әзірледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.
"Жаңа стандартқа сәйкес, енді қараусыз қалған жануарды аулау барысының әрбір сәтіне бейне немесе фотофиксация жасалуға міндеттелді. Бұл зорлық-зомбылық пен адамгершілікке жатпайтын жағдайлардың алдын алу үшін жасалғалы отыр. Аулау барысында өлтіруге, сондай-ақ, жануарлар мен адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін уланған жемдерді пайдалануға тыйым салынады", - деп түсіндірді ҚР сауда және интеграция министрлігінің өкілдері.
Бұл стандарт қараусыз қалған жануарларды аулау және тасымалдау кезінде қолданылатын дәрілер мен құрылғыларға және механизмдерге қатаң талаптарды белгілемек.
Жануарларды тасымалдауға арналған автокөлік құралы олардың жынысы, мөлшеріне және жасына арналған бөлек торлармен жабдықталуы керек. Сонымен қоса, желдету және ауа температурасын тұрақты ұстап тұру жүйесінің болуы да міндеттелген. Бұдан бөлек, тасымалдау жағдайында ұсталған жануарлардың бір-бірімен жақын болмауы да назарға алынып отыр.