© Kazinform
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында Маңғыстау өңірінің экономикасын мұнайға тәуелсіз етудің мүмкіндіктері туралы мәлімет ұсынды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Агенттік Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайына талдау жүргізіп, бірқатар ұсыныс қалыптастырды. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2023 жылдың 9 айының қорытындысында Маңғыстау облысының жалпы өңірлік өнім үлесі 3 трлн 523,3 млрд теңге болды. Бұл - елдің жалпы ішкі өнімінің 4,7%-ы деген сөз. Жалпы өңірлік өнімнің құрылымындағы ең үлкен үлес тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді қазу саласына тиесілі – 51%. Ал ең төменгі үлесті өнер, ойын-сауық және демалыс салалары алады (ЖӨӨ-нің 0,3%-ы)», - деп жазылған агенттік ақпаратында.
Агенттік мәліметі бойынша, Маңғыстау топырағында мұнай бен газдан басқа да кен қорлары бар.
«Өңірде табиғи қазбалардың өзге де кен орындары бар. Алайда, мұнай мен газ өндіруге баса назар аударылып, басқа пайдалы қазбаларды өндіру әлеуеті толық іске асырылмаған күйінде қалып отыр», - делінген жауапта.
Агенттік мамандары Маңғыстаудың туризм бағытындағы әлеуеті де экономиканы дамыту құралы бола алатынына сенімді.
«Аймақтың бәсекелестік қабілетін арттыратын тағы бір артықшылығы – туризм. Туризм арқылы қызмет көрсету саласын дамытса, аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына одан да көп мультипликативті әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, географиялық орнына байланысты Маңғыстау облысының көліктік-логистикалық бағыттарды дамытуда үлкен әлеуеті бар», - деп жазады агенттік сарапшылары.
Осының ескерген агенттік мамандары Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін толық ашып, тәуекелдерді бәсеңдету үшін төрт бағытты дамытуды ұсынып отыр. Олар:
1. қатты пайдалы қазбаларға баса назар аудара отырып, минералдық-шикізат базасының ресурстық әлеуетін арттыру;
2. облыстың географиялық артықшылықтары мен мәдени ерекшеліктерін, оның ішінде теңізге тиіп жатқанын, көптеген тарихи ескерткіштердің болуын ескере отырып, өңірдегі туризмді жаңа деңгейге шығару;
3. халықаралық маңызы бар көлік-логистикалық және инфрақұрылымдық-сервистік әлеуетті ескере отырып, жүк экспорты мен транзитін жіберу арқылы теңіз порттарының жүктемесін ұлғайту;
4. елдегі техникалық, өндірістік кадрларды тарта отырып, тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі сервистік қызметтерді экспорттау және карьерлерді әзірлеу.