© Kazinform
Атырау облысының Жылыой ауданында зардап шеккен мүлікті бағалау жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев айтып берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
23 сәуірдегі жағдай бойынша Құлсары қаласының тұрғындарынан 3676 өтініш келіп түсті, оның ішінде 3334-і 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды.
Залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия келіп түскен 2315 өтініш бойынша мүлікті бағалау жұмыстарын бастады.
«Жалпы Құлсары қаласы мен Жылыой ауданында қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. 1,4 млн текше метрден астам еріген қар суы сорылды, түрлі шағын аудандардағы 42 үйде дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілді. Алтыншы учаскенің 106 үйі, Достық шағын ауданы және 27 кәсіпкерлік нысаны электр қуатына қосылды. Атырау шағын ауданындағы 125 үйде, алтыншы учаскенің 12 үйінде және Достық шағын ауданындағы 58 үйде, сондай-ақ 5 кәсіпкерлік нысанда газбен жабдықтау қалпына келтірілді», - деді Руслан Жұмағазиев ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Сонымен бірге, нысандары су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу жөніндегі консультациялық орталық жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда 82 кәсіпкер кеңес алған.