Алматы соты Air Astana авиакомпаниясына билет бағасын көтергені үшін 876 миллион теңге айыппұл салуға қаулы шығарды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
"Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен әуекомпаниясы жанармай алымын негізсіз қолдануда көрсетілген үстеме/монополиялық ережені теріс пайдаланғаны үшін 876 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп жазылған хабарламада.
Ұшақ ұшқан күні не жақын күндерде әуебилеттерді сатып алу кезінде Эйр Астана әуекомпаниясы жолаушылардың барлық санатынан 3500-ден 6500 теңгеге дейінгі мөлшерде жанармай алымын негізсіз алғаны анықталды.
Әуекомпаниясы мен бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ішкі бағыттар бойынша маршруттардағы бағаларды тежеуге бағытталған шарт жасасып, ол мына жайттарды көздейді:
2023 жылғы 6 желтоқсаннан бастап жанармай алымын қолдануды алып тастау (ұшу күніне қарамастан, 2023 жылғы 6 желтоқсанға дейін жанармай алымымен сатылған билеттерге қолданылмайды).
Мысалы, Астана-Алматы бағыты бойынша билеттің орташа бағасы 28 435 теңгенің орнына 24 435 теңгені құрайды (14%-ға төмендеу), Алматы-Ақтау бағыты бойынша орташа баға 37 568 теңгенің орнына 31 078 теңгені құрайды (17% - ға төмендеу);
2024 жылдың соңына дейін ішкі бағыттар бойынша жолаушыларды әуетасымалдау қызметтеріне бағаның көтерілуіне жол бермеу жөніндегі міндеттемелер;
2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін күнтізбелік жылға Эйр Астана билеттерін орта және төмен бағамен кемінде 70% (яғни, Y, B, H брондау класының тарифтері бойынша тек 30%) сату бойынша міндеттемелер.
Сонымен қатар, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қосымша шаралар туралы хабарлайды:
Шетелдік тасымалдаушылар үшін жекелеген әуежайларда отандық авиакомпаниялармен қатар маршруттар бойынша ұшуларды жүзеге асыру мүмкіндігін кеңейтетін шаралар қабылданды. Бұл шетелдік авиакомпаниялардың келуін ынталандыруға мүмкіндік береді, бұл бәсекелестікке оң әсер етеді және тұтынушылардың таңдауын арттырады.
Агенттік жанармай алымын қолдануды болдырмауды көздейтін заңнамаға түзетулер енгізуге бастамашылық жасағанын да атады.