Алматы облысының ауылында жасөспірімдер жаппай төбелескен, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Видео авторының айтуынша, төрт жасөспірім ауыр жағдайда ауруханаға түскен.
Алматы облысы полиция департаментінің хабарлауынша, төбелес Жәпек батыр ауылындағы мектеп оқушыларының арасында болған.
«Бұл факт аудандық полицияда ҚК-нің 293-бабы, яғни «Бұзақылық» бабы бойынша тіркелген. Тексеру барысында 29 қарашада 2008 жылғы 9-сынып оқушысы мен 2007 жылы туған 10-сынып оқушысы арасында келіспеушілік туындап, арты жаппай төбелеске ұласқаны анықталды. Бұл факт бойынша бұзақылық әрекеттер жасаған оқушылар жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, психологтар төбелеске қатысқан оқушыларға профилактикалық тәрбие жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Аленов.
Полиция төрт жасөспірімнің ауруханаға жатқызылғанын растаған жоқ. Департаменттің мәліметінше төбелес кезінде екеуі жеңіл жарақат алған.