Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтар съезінде білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету маңызды екендігін айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстанда әлемнің беделді оқу орындарымен бәсекелесе алатын мықты мектептер бар. Бірақ ондай білім ошақтарында балалардың жүзден бір бөлігі ғана оқиды.
Ал цифрлық шешімдер озық педагогикалық тәжірибені тез әрі тиімді түрде кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Сол арқылы, тіпті, шалғай аудандардағы оқушыларды еліміздің және әлемнің үздік ұстаздарының материалдарымен және сабақтарымен қамтамасыз етуге болады.
- Еліміздегі барлық ауыл мектебіне жылдамдығы жоғары интернетті қолжетімді ету мәселесін шешу аса маңызды. Бұл – Үкіметтің алдындағы шұғыл міндет,- деді Президент.
Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. Мемлекет Басшысы алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексермек.
Сондай-ақ ол білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізді.
- Ең алдымен, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет. Бұл ретте олардың әрқайсысында жергілікті желі орнатылуы керек,- деді Президент.
Оның айтуынша, бұл өзекті мәселені шешуге «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы септігін тигізеді. Сонымен қатар барлық мектеп оқушысына сапалы оқыту контенті бар озық цифрлық платформалардың, соның ішінде электронды оқулықтардың қол жетімділігін қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте барлық материал салалық сараптамадан мұқият өткізілуі керек.
- Осы орайда мен қайырымдылықпен айналысатын азаматтарды, ең алдымен, ауыл мектептеріне көмектесуге шақырамын. Мұғалімдерді негізгі цифрлық құралдарды қолдана білуге үйрету маңызды. Әрбір ұстаз тек өз пәнін жетік біліп қана қоймай, кең мүмкіндіктерге жол ашатын заманауи технологияларды да меңгеруге тиіс. Оқу процесінде цифрлық шешімдерді қолдану қалыпты жағдайға айналды. Қашықтан оқыту жүйесін белсенді түрде енгізу қажет. Дәстүрлі және онлайн форматтарды ұштастыру балалардың ақпаратты өз бетінше іздеу дағдысын дамытып, мектептегі ортаға бейімделу мүмкіндіктерін сақтауға ықпал етеді,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.