Президент Республикалық педагогтар съезінде қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.
- Ауыл балаларының білім алу мүмкіндігі шектеулі екені баршаға мәлім. Бұған қажетті құрал-жабдықтың және білікті педагогтердің тапшылығы себеп болып отыр. Ауылдағы білім ошақтарының тең жартысы – шағын мектептер. Онда барлық пәннің мұғалімі бола бермейді. Бір сыныпта әртүрлі жастағы балалар оқиды. Мұның бәрі – жылдар бойы қордаланған түйткілдер. Оның көбі жұрттың жаппай қалаға көшуіне байланысты туындап отыр. Ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды,- деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, ауылдағы мектептер бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқаратынын айтты. Онда қоғамдық жиындар, мәдени іс-шаралар, спорт сайыстары өтеді.
- Ауыл мектебі жергілікті жұртты ортақ іске жұмылдырады. Осы орайда кәсіпкерлер қауымына да зор міндет жүктеледі. Қазір мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқылы ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Осы тәсілмен үш жылдың ішінде кем дегенде бір мың ауыл мектебін керек-жарақпен толық жабдықтау қажет,- деді ол.
Сондай-ақ ауыл мектептерінің кітапханаларын дамыту мәселесіне баса мән беру қажеттігі айтылды. Кітапханадағы қажетті кітаптың бәрі ауылда да болып, қала мен ауыл оқушыларына бірдей қолжетімді болуы керек.
- Балаларға тең мүмкіндік беру үшін білім сапасын барлық аймақта бірдей жақсарту керек. Отбасы жағдайына, өскен ортасына қарамастан, барлық баланың сапалы білім алуға қақы бар,- деді Президент.