© фото egemen.kz
Бүгінгі Республикалық мұғалімдер съезінде Қасым-Жомарт Тоқаев мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу тапсырмасының маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.
«Адам капиталы – басты байлық. Халқымыздың саны қазірдің өзінде 20 миллион адамға жақындап қалды. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Сәйкесінше, мектепке баратын балалардың саны да артып келеді. Оқушылардың жалпы саны екі есеге артады деп күтілуде. Алдағы үш жылда 1 миллионнан астам жасөспірім студент атанады. Бұл, әрине, мені қуантады. Дегенмен, демографиялық өсу қарқыны білім беру жүйесіне үлкен қиындық туғызады. Мектептердің жетіспеушілігі қазірдің өзінде өзекті мәселелердің біріне айналды»,- деді Мемлекет Басшысы.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде 2300-ге жуық мектеп салынған. Нәтижесінде төрт ауысымдық білім беру жүйесінен құтылуға мүмкіндік туды. Дегенмен, үш ауысымдық оқыту жүйесі әлі де бар. Көптеген мектептің техникалық жабдықталуы ескірген. Бұл мәселелердің барлығы жүйелі шешімді қажет етеді.
«Менің бастамаммен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Екі жылдың ішінде барлық өңірлерде, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынады. Соның арқасында үш ауысымдық оқудан біржола құтыламыз. Жақында кәсіпкерлермен кездесуде қайырымдылық көмек ретінде мектеп салу керек деген мәселені көтердім. Бұл азаматтық-құқықтық жауапкершілікке қатысты мәселе. Бұл жұмысқа біздің кәсіпкерлер де белсене түрде кіріседі деп ойлаймын», - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылғандардың
заңсыз тапқан табысы мектеп салуға жұмсалып жатыр. Қазірдің өзінде 13 мектеп салынды. Жыл соңына дейін тағы да 33 мектеп бой көтереді.