Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Республикалық педагогтар съезінде мектеп балалар үшін қауіпсіз орынға айналуы тиіс екендігін айтты. Президенттің айтуынша, бөгде адамдардың мектепке кіруіне жол беруге болмайды. Сондықтан білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесі орнатылмақ, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Жақында Астана мектептерінің бірінде оқыс оқиға болды. Оқушы ауыр жарақат алды. Бұл жағдай білім ошақтарында қауіпсіздік талаптары толық сақталмайтынын көрсетіп отыр. Әсіресе, көп жыл бұрын салынған ескі мектептер талапқа сай емес. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, мектептердің қауіпсіздігін толық тексеруі керек. Сондай-ақ, жаңа мектептердің жобасын жасағанда бұл мәселе мұқият ескерілуге тиіс,- деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет Басшысы елде оқушылардың бір-біріне әлімжеттік, тіпті, зорлық көрсетуі тыйылмай отырғанын айтты. Соның кесірінен олар өз-өзіне ол жұмсауға, яғни суицидке дейін баруда.
Буллинг – балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына және олардың жан дүниесіне орны толмас зиянын тигізеді. Сондай-ақ оқу үдерісіне кері әсер етеді. Балалардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, ой-санасының бұзылуына әкеп соқтырады.
- Соңғы уақытта маған зорлық-зомбылық көрген балалардың ата-аналарынан өтініштер келіп түсуде. Ашығын айтқанда, мұндай хаттарды оқу оңай емес. Жасөспірімдердің қылмыстық психологиясы мен кейбір мұғалімдердің немқұрайлығының құрбаны болған балалардың жай-күйі жүректі ауыртады. Мен Президент Әкімшілігіне қылмыс жасағандарды заң жүзінде жазалау үшін осындай жағдайлардың бәрін айрықша бақылауға алуды тапсырдым. Мұндай адамдарға басқа айтар сөзім жоқ,- деді Мемлекет басшысы.
Съезд барысында Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігіне қатысты өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруға тиістіні айтылды. Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен мұндай жағдайлардың бәрін тіркеп, Президетке баяндауы қажет деа тапсырма берілді.
- Мектептерде зорлық-зомбылық жасаушыларды басқа жолмен тоқтату мүмкін емес. Білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуы секілді келеңсіздікті түбірімен жою керек. Сондықтан осы жиынға Ішкі істер министрі мен Бас прокурордың бірінші орынбасарларын арнайы шақырдым. Тапсырманың орындалуын талап етеміз,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жазасын қатаңдатуды тапсырды. Бұл бастама жақын арада жүзеге аспақ.
Жиын барысында балаға психологиялық қысым жасалмауына, ең алдымен, ата-ана жете көңіл бөлуі керектігі айтылды. Балаға психологиялық қысым көрсету оқиғасы болса, мектептегі медиация қызметі мұғалімге және ата-анаға ескертіп, кәсіби медиаторлармен бірге балаға барынша көмек беруге тиіс.
- Барша ата-анаға айтарым: балаларыңыздың зорлық-зомбылық жасауына, қоғамдық тәртіпті бұзуына ерік бермеңіздер. Әсіресе, оларды мұғалімдердің алдында қорғамаңыздар. Баланың бетінен қақпаймын деп, оның теріс қылықтарына көз жұма қараудың соңы келешекте қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін. Алдағы уақытта заңға қайшы әрекеттерге бармас үшін мектеп тәртібін бұзушыларға алдын алу шараларын қазір қолданған жөн,- деді Президент.