Такси жүргізушілері салық төлеуге міндетті. Бұл туралы Алматының Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Айжан Бекеева такси жүргізушілері салықты қалай төлеуі керек екенін айтып берді.
«Егер адам такси қызметін көрсетсе, онда ол тиісінше жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Сіз такси агрегаторлары арқылы арнайы қосымшаларда тіркеле аласыз. Оның өз пайыздары бар. Сіз e-Salyq Business немесе Яндекс таксиде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, басқа әлеуметтік төлемдермен бірге ай сайын 1 пайыз төлей аласыз. Қазір салық міндеттемелерін орындау жеңілдетілді. Есеп беруді тапсыру да жеңілдетілген. QR-кодтарды орналастыру да қиындық туғызбайды», - деді Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Айжан Бекеева.
Сонымен қатар ол жол-жөнекей адам алып кететін көлік жүргізушілері де салық төлеуі тиіс екенін тілге тиек етті.
Мемлекеттік кірістер департаменті жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларды әкімшілендіру басқармасының басшысы Нұрлыбек Успановтың айтуынша, такси жүргізушілеріне салық режимін қолданудың арнайы түрлері бар.
«Біз бұған дейін айтқанымыздай, салық режимдерін қолданудың арнайы түрлері бар. Такси жүргізушілері үшін салық жүктемесінің пайызы небәрі 1 пайыз болатын режим өте ыңғайлы. Яғни, адам бір ай бойы такси қызметін көрсетіп, 100 мың теңге тапса, оның 1 пайыз салығы – 1000 теңге. Оған қоса оның әлеуметтік төлемдері бар. Сонымен, бұл қосымша несімен ыңғайлы? Кассалық машина қазірдің өзінде орнатылған. Ай сайынғы қызметті сатып алу, төлеу қажеттілігі жоғалады. Яғни, ол такси қызметін көрсете алады, чекті электронды форматта жазып, оны клиентке жібере алады», – деп атап өтті Нұрлыбек Успанов.
Департамент өкілдері егер қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері болса, Мемлекеттік кіріс органдарына хабарлауға кеңес берді.