Парламент Сенаты «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин телеграм-арнасында жазба жариялады.
"Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуді тапсырған болатын. Көп ұзамай Мәжіліс депутаттары жаңа құжатты әзірлеуге кірісті. Бұл жұмысқа Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың мүшелері белсене атсалысты. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қылмыс деп танылуы, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаның күшейтілуі және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған түрлі шаралардың белгіленуі заңның негізгі жаңашылдығы деп атауға болады", - деп жазылған Ерлан Қариннің ресми арнасында.
Ол өз жазбасында мемлекеттік саясаттың басым бағыты ана мен баланың құқығын қорғауға бағытталғанын атап отыр.
"Әйелдер мен балалардың іргелі құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттағы басымдықтың бірі. Бұл мәселе қашанда Мемлекет басшысының басты назарында. Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылықты ымырасыз күрес жүргізуді қажет ететін әлеуметтік кеселдің бірі ретінде атап өтті", - деді Мемлекеттік кеңесші.