Маңғыстау облысының бір топ депутаты ҚР Парламентінің Сенатында болып, депутаттарымен кездесті. Аудан, қала мен облыс мәслихаттарынан жиналған депутаттық топ өңірдегі айшықты мәселелер туралы айтып, оларды шешу жолын қарастырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өңір депутаттарының біліктілігін арттырып, мәслихаттарға методикалық, материалдық-техникалық көмек көрсету мәселесін қарастырылатындығын айтқан болатын. Сонымен қатар, “өңірлік мәселелерді шешу – Сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі”, деген еді. Осы мақсатта Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаевтың ұсынысымен өңір депутаттары Сенаторлармен кездесті.
Кездесу аясында Маңғыстау депутаттары ҚР Парламенті Сенатына облыстан сайланған Сүйіндік Алдашев және Бекбол Орынбасаровпен тілдесіп, өңірдегі мәселелерді жеткізді. Әр өңірдің өзіне тән мәселелері бар. Олардың басым көпшілігі инфрақұрылымға, әлеуметтік нысандарға, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына байналысты. Сенат депутаттары осы мәселелерді орталық деңгейде жүйелі түрде көтеріп, олардың оң шешілуіне ықпал ететіндіктерін айтты.