Бүгін, 8 қарашада Бейбітшілік және келісім сарайында Астанадағы Маңғыстаудың мәдени күндері «Маңғыстаудан мың сәлем, Алаш төрі!» атты гала-концертпен салтанатты түрде ашылды. Елорда төрінде өткен салтанатты шараға ҚР Парламенті Сенат, Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, елордадағы маңғыстаулықтар мен астаналық тұрғындар қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мерекелік кештің шымылдығы Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің «Мереке думан» шығармасымен ашылды.
Салтанатты шарада алдымен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Есбергенова жиналған қонақтарға аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов өнерпаздарға жылы лебізін білдірді.
- Ұланғайыр еліміздің бас қаласы - Елордамыз – әсем Астанаға үш жүз алпыс әулиелі киелі Маңғыстаудың, төрткүл дүниенің қақпасы - қарт Каспийдің ыстық сәлемін ала келдік. Сарыарқа төсінде Маңғыстау күндерін өткізудің басты мақсат-мұраты - бағзы бабадан бүгінге жеткен рухани-мәдени құндылықтарды жас ұрпаққа насихаттау, өскелең өрендердің жадында жаңғырту арқылы ұлтжандылық, отаншылдық сана-сезімді ояту деуге болады. Маңғыстау өлкесі ұлттық өнер түрлерін бәз-баяғы қалпында сақтап, жарастырып тең ұстаған халық таланттарынан кенде емес. Сондықтан үш күн бойы Астана халқы үшін аңыз өріп, жұмбақ жайлаған қасиетті мекеннің мәдени жауһарларымен, бірегей өнер туындыларымен етене танысудың және рухани кездесулерге қатысудың сәті түсіп отыр, - деп атап өтті Звира Есбергенова.
Бүгін гала-концертке келген астаналықтардың қарасы қалың болды. Олар мың бояулы Маңғыстаудың сәлемін ала келген ҚР Мәдениет саласының үздіктері, Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрі, Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары, «Жорға» би ансамблі, «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі, Мұрат Өскінбаев атындағы облыстық филармониясының өнерпаздары, маңғыстаулық эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалады. Әннен шашу шашылып, Маңғыстаудың мақамды жыр-дастаны мен күйі орындалды. Залға жиналған қонақтар ыстық ықыласын білдіріп, өнерпаздарды қошеметімен қуантты.
Айта кетейік, мәдени күндері аясында Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау драма театрының ұжымы өнер көрсетті. Сондай-ақ маңғыстаудың қолданбалы қолөнер шеберлерінің көрмесі, сурет көрмесі, ұлттық киімдер мен бұйымдар көрмесі Астананың әр жерінде өтіп жатыр.