Үш күнге созылған Маңғыстаудың мәдени күндері Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің «Мерейлі мекен – мұнаралы Маңғыстау» атты концертімен аяқталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Концертте ҚР Мәдениет саласының үздіктері, Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрі, Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары, «Жорға» би ансамблі, «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі,Мұрат Өскінбаев атындағы облыстық филармониясының өнерпаздары, маңғыстаулық эстрада жұлдыздары, дәстүрлі әншілер өнер көрсетті.
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналиимов үш күнге жалғасқан шаралардың екі өңірдің рухани үндестігінің жаңғырып, жан-жақты байланысы нығаюының айқын көрінісі екенін айтты.
- Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары, маңғыстаулықтар. Еліміздің бас қаласы елордаға қош келдіңіздер! Биыл киелі түбек Маңғыстау облысына – 50 жыл. Ал Ақтауға 60 жыл толып отыр. Осы мерекемен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Маңғыстау өңірінің мәдени күндері елорда халқына үлкен сый деп санаймыз. Бүгінгі іс-шара – екі өңірдің рухани үндестігі жаңғырып, жан-жақты байланысы нығаюының айқын көрінісі. Киелі Маңғыстау ақындар дүниеге келген қасиетті өңір. Оның топырағы, тауы, шатқалы, теңізі көне тарихтан сыр шертеді. Маңғыстау облысы гүлденіп, өркендей берсін, - деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналиимов.
Жалпы Маңғыстаудың елорда төріндегі мәдени күндері аясында 10-ға жуық іс-шара ұйымдастырылды. Салт-дәстүріміз ұлықталды, ақындар мен жыршылардың шығармашылығы көпке ұсынылды. Маңғыстаулық театр ұжымы екі қойылымын сахналады. Көрме-жәрмеңке аясында елорда тұрғындары шұбат пен балықтан дәм татты, сондай-ақ маңғаз өлкенің сұлулығын сурет арқылы тамашалады.