Түркістанда II Түркі Универсиадасының жабылу салтанаты өтті. Қорытынды есеп бойынша ел спортшылары волейбол мен еркін күрестен чемпион атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанла, қазақстандық студенттер волейболдан ерлер мен әйелдер арасында үздік атанды. Футзал чемпионы – Қырғызстаннан келген команда. Ал шахматтан бірінші орын Өзбекстанның еншісінде.
Еркін күрестен Қазақстан алға шықса, дзюдода өзбек және әзербайжан студенттері көш бастады. Ал грек-рим күресінде Түркия елінің балуандары басқа құрама спортшыларына есе бермеді. Мажарстан құрамасы үстел теннисінен үздік нәтиже көрсетті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі өз сөзінде ІІ Түркі Универсиадасының барлық қатысушыларын ойындардың аяқталуымен құттықтап, іс-шараның түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін маңызды екенін айтып өтті.
«Дәл осы универсиада бауырлас елдердің ынтымағы мен бірлігін, татулығы мен достығын тағы да паш етті. Бұл сайыс спорттық бәсекемен қатар, шынайы достықтың да жарқын үлгісін көрсетті. Түбі бір Түркі халқының тарихы мен дәстүрі, діңгегі мен қуаты баршамызға ортақ мызғымайтын құндылық екені сөзсіз. Бұл сайыста Түркі жұртының достығы мен шынайы бауырмалдығы жеңіске жетті деп есептеймін. Барлық қатысушыға алғыс айтамын. ІІ Түркі Универсиадасының сәтті аяқталуы құтты болсын», - деді министр.
Айта кетейік, Универсиадаға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Мажарстаннан барлығы 450-ге жуық спортшы қатысты. Олар спорттың 7 түрінен: үстел теннисі, шахмат, волейбол, футзал, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресінен бақ сынасты.
Ал жабылу салтанатында Түркі Универсиадасының ту тапсыру рәсімі Қырғызстанға табысталды.