Ақтауда әскери борышын өтеп жүріп жоғалған Атырау облысының тұрғыны 28 жылдан кейін Алматы облысынан табылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аtpress.kz-тің жазуынша, сарбарздың анасы Маржан Қозыбаева отыз жылға жуық уақыт өтсе де ұлынан күдер үзбеген.
Атыраулық сарбаз 1996 жылы күзде әскерге кетіп, қайтып оралмаған. Ол Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Жасқайрат ауылының 1977 жылы туған тұрғыны Бейбіт Қозыбаев болатын.
Анықталған дерек бойынша, кейуана Маржан Қозыбаева ұзақ жылдар бойы хабарсыз кеткен ұлын іздеумен болған.
"Маржан апайдың бұл күнге де жетіп, туған ұлын құшақтап, сағынышын басқанын көзіміз көрді. Аудандық әскери комиссариатына келіп, баласын сұрап егілген ананың талай қиналғаннан есінен танып қалғанын да көргенбіз. Сол кездері оны не деп жұбатарымызды білмей, біз де қиналып қалушы едік. Бүгін, міне, 28 жылдан кейін бауыр еті – баласымен қауышқан ана үшін біздің де көңіліміз жай тапқандай болды, - деді Қызылқоға аудандық мәслихатының депутаты, қорғаныс саласының ардагері Есенбай Нұров.
Дегенмен, жоғалған сарбаз 2013 жылы іздеуде болғаны туралы Ақтаудағы басылымдардың бірінде жарияланды.
Бейбіт Қозыбаевтың қалай және не үшін жоғалғаны нақты белгісіз болған. Бірақ оның 1997 жылдың 9 қыркүйегінде әскери орынды тастап кеткеннен кейін іздеу жарияланғаны жазылып, 2013 жылы оның халықаралық іздеуде екені, сондай-ақ, "қамауға алу" бұлтартпау шарасы көзделгені айтылған.