28 наурызда өткен Сенат отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мопед жүргізу ережесін қатайту жоспары туралы айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Zakon.kz сілтеме жасап.
Игорь Лепеха қазір Ішкі істер министрлігі түзетулердің екінші пакетін әзірлеп жатқанын, қабылданғаннан кейін мопед жүргізушілерінің қозғалыс тәртібі реттелетінін айтты.
"Барлық мопед, қозғалтқыш көлеміне қарамастан, көлік құралы ретінде жіктеледі және оларды жүргізу үшін 16 жастан бастап "А1" санатындағы жүргізуші куәлігі қажет. Тиісінше, біз осы мопедтердің барлығын тіркеп, тексереміз", – деді вице-министр.
Оның айтуынша, бүгінде мопед жүргізушілері іс жүзінде ешқандай жауапкершілік көтермейді.
"Бұл пакетте тағы бір өте маңызды норма бар: әкімдер самокаттардың қызметін реттеуге өкілеттік алады. Олар өздерінің қосымша ережелерін, яғни, қайда қозғалуға болады, қайда болмайды, олардың қозғалысына қай уақытта тыйым салу керек екенін белгілейді", - деді Игорь Лепеха.
Еске салайық, 2023 жылдың 30 тамызында Қазақстанда "Жол жүрісі туралы" заңға электроскутерлерді міну ережелерін қарастыратын түзетулер күшіне енді. Атап айтқанда, құжатта самокаттардың жол бойындағы жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы керек делінген. Ал тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолында сағатына 6 км-ден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі.