Бүгін елорда іргесіндегі Қаражар ауылында «Ұлы дала жорығы – 2023» марафон-бәйгесі басталды. Маңғыстаулық шабандоздар оныншы болып бәйгеге қосылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған бәйгеге республиканың түкпір-түкпірінен 19 команда қатысып жатыр. Шабандоздар жалпы 1 300 шақырымды бағындырып, Астанадан Түркістанға дейін 14 күн ішінде өтуі тиіс.
Бүгін маңғыстаулық бес шабандоз алғашқы 650 шақырым қашықтықта бақ сынайды. Содан кейін тағы бес шабандоз мәреге жету үшін сынға түседі. Жүзден жүйрік шыққан команда жеңімпаз атанып, 30 млн теңгеге ие болады. Ал 2-орынға 20 млн теңге, 3-орынға 15 млн теңге табысталады.
Айта кетейік, жорық барысын 2 халықаралық және 2 қазақстандық судья бағалайды, ал жол бойы аттардың жағдайын 2 халықаралық және 3 қазақстандық мал дәрігері қадағалайды.