31 қазандағы үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстанда банкрот рәсімін енгізу және жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру нәтижесі туралы айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Қаржы министрлігінің басшысы ең танымал рәсім – соттан тыс банкроттық екенін айтты.
"Биыл 3 наурыздан бастап 70 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның 80%-дан астамы банкрот рәсімге сәйкес келмейтіні анықталды. Нәтижесінде бүгінде 9 млрд теңгеден астам борыш сомасына 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды",- деді Ерұлан Жамаубаев.
Сонымен қатар өтініштердің 80%-дан астамында банкроттық рәсімінің критерийлеріне сәйкес келмеу анықталды. Негізгі себептерге жеке басында мүліктің болуы, борышкердің қарыз сомасы мен төлем мерзімі бойынша сәйкес келмеуі және кредитормен борышты дұрыс реттемеу жатады.
Ал 1200-ге жуық адам сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдануға жүгінген.
Сондай-ақ қаржы министрлігінің басшысы азаматтардың банкроттық рәсіміне жүгіну үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына, электронды үкімет порталы (eGov.kz) және e-Salyq Azamat пен eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы мүмкіндікті пайдалануға болатынын айтты.