2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтарға төлқұжат пен жеке куәлік беру кезінде міндетті түрде саусақ таңбасын тіркеу енгізілмек.
Саусақ ізін тіркеу – саусақтардың папиллярлық үлгілерінің құрылымдық ерекшеліктері туралы ақпарат алу процесі. Саусақ ізін Қазақстан Республикасының барлық азаматы мен елде тұратын шетелдіктер тапсырады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Саусақ ізін тіркеудің мақсаты – адамның жеке мүддесін қорғау, заңды құқықтарын, денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, деп атап өтті Маңғыстау облысы ІІД көші-қон полициясының бастығы Гүлшара Бастаубаева.
«Біріншіден, саусақ ізін тіркеу заңсыз құжаттамадан қорғау жүйесін жақсартады. Екіншіден, соңғы кездері техногендік, табиғи және басқа да сипаттағы төтенше жағдайлар жиілігінің артуына байланысты азаматтар бірінші кезектегі қажетті заттарсыз ғана емес, құжаттарсыз да қалып отыр. Бұл жағдайда саусақ ізін тіркеу қол жетімді болса, құжатты қалпына келтіру процедурасы әлдеқайда жылдамырақ болады. Саусақ ізімен тіркеуден өткен әрбір адамға авариялар, апаттар, су тасқыны, жер сілкінісі, өрт, лаңкестік әрекеттер, авиация және теміржол апаттары кезінде сәйкестендіруге кепілдік беріледі. Үшіншіден, заманауи смартфондар арқылы мемлекеттік қызметтерді қашықтықтан көрсетуді дамыту мүмкін болады. Саусақ ізін тіркеудің артықшылығын сансыз санауға болады», – дейді Гүлшара Бастаубаева.
Мәселен есте сақтау қабілетінен зардап шегетін адамдар үшін саусақ ізін алу ерекше маңызға ие. Адам өзі туралы ешқандай ақпарат бере алмаған жағдайда (мысалы, есте сақтау қабілетінің төмендеуіне байланысты) алынған саусақ ізі арқылы туыстарына жоғалған отбасы мүшесін табуға көмек көрсетіледі.
Жазатайым оқиғалар жиі бола бермесе де, күнделікті өмірде саусақ ізін тапсыру нәтижесінде көрсетілетін көмектер бар. Мәселен, қасында құжаты жоқ қария көшеде ауырып, ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген. Егер оның саусақ іздері дерекқорда болмаса, туыстары оны іздеу үшін жан-жаққа жүгіреді. Ал егер бұл адам жалғыз болса? Сонда кім екені анықталмай, белгісіз болып қалу мүмкіндігі өте жоғары. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Денсаулығына байланысты мәліметтерін, тұрғылықты мекен-жайын көрсете алмайтын адамдар санаттары үшін саусақ ізін алу қажет. Саусақ іздері оларды анықтауға және үйлеріне қайтаруға көмектеседі. Жыл сайын 30 мыңға жуық Қазақстан Республикасының азаматы шетелде тұрақты тіркеуден өтеді. Егер адам Қазақстаннан тыс жерде төлқұжатын жоғалтып алса, саусақ ізі жүйеде бар болғандықтан оған жай ғана хабарласу жеткілікті болады. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне барып, оның саусақ ізін тіркеуден өткенін айтса, құжаттарын қалпына келтіруге қатысты мәселелер туындамайды», - деп толықтырды Гүлшара Бастаубаева.
Өмірде дактилоскопияның көмектесетін тұсы жетерлік.
«Саусақ іздерінің қауіпсіздігіне және жүйеден дербес деректерді сақтауда ақау туындауы мүмкін деп алаңдайтындар үшін дактилоскопиялық ақпаратты қорғауға мемлекет кепілдік беретінін хабарлаймыз. Саусақ ізін тіркеуден өткен Қазақстан азаматтарының ақпараты анонимді болады, яғни дерекқорда саусақ іздерінің цифрлық үлгісі мен бірегей сәйкестендіргіші ғана болады. Оған жеке деректер, аты-жөні және ЖСН енгізілмейді», - деді облыстық полиция департаментінің көші-қон полициясының бастығы.