Азаматтардың қарыз жүктемесін азайтудың бір жолы – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру болмақ. Бүгінде жоғары оқу орындарының студенттері үшін қаржылық сауаттылық курстарын енгізу мәселесі қарастырылып, мектеп оқушылары үшін арнайы курс әзірленуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, банктердің тұтыну кредиттерінің портфелі 9,2 трлн теңгені құраған. Бұл орайда бір қарыз алушыға шаққандағы берешектің орташа мөлшері – шамамен 1,5 млн теңгені, ал проблемалық тұтыну кредиттері бойынша – 1 млн теңгені құрайды.
«Кейбір азаматтар мерзімі өтіп кеткен кредиттерін жабу үшін одан да жоғары пайызбен жаңа кредиттер алады. Осылайша, шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен бата береді. Ал банк кредит беруден бас тартқан жағдайда, олар пайыздық үстемесі өте жоғары микроқаржы ұйымдарына жүгінеді. Осылайша, адамдар қаржылық сауатсыздықтың кесірінен жағдайын қиындата береді», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы бұл мәселені шешу мақсатында Мемлекет басшысы «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырғанын айтты. Жоба халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға, азаматтардың кредиттер бойынша проблемалық берешектерін реттеуде және жұмысқа орналасуда консультациялық көмек беруге бағытталған.
Қазірдің өзінде Қазақстанның 8 өңірінде 45 мың адам қаржылық сауаттылық негіздері бойынша білім алған. 2023 жылдың соңына дейін 60 мың азаматты қамту жоспарланып отыр.
«Алдағы 3 жылда 550 мың оқушы мен студентті қаржылық сауаттылыққа оқыту, мектептер мен жоғары оқу орындарының 8 мыңнан астам оқытушысын даярлау, банктер мен микроқаржы ұйымдарының 200 мың қарыз алушысына көмек көрсету жоспарлануда. Барлық жауапты мемлекеттік орган мен әкімдік “Қарызсыз қоғам” жобасындағы іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуі қажет», — деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігі оқу бағдарламалары аясында қаржылық сауаттылық курстарын енгізу мәселесін пысықтауы керектігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл мәселелерді жоғары оқу орындарымен бірге қарауы тиіс екенін айтты.
«Кәмелетке толған жастар өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін қалай дұрыс есептеу керектігін, қандай кредитті және қалай алу керектігін нақты түсінуі керек. Мұндай тәжірибе көптеген елде бар», — деді Әлихан Смайылов.