© Zakon.kz
Екінші оқылымда ҚР Парламенті Мәжілісі «Ақпараттық қауіпсіздік туралы» заң жобасын қабылдады.
Ол азаматтардың банктік және шағын несиелерді алудан өз еркімен бас тарту құқығын заңнамаға енгізеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Тыйым салуды «Электрондық үкіметтің» жеке кабинетінде жасауға болады. Несиелерді мақұлдау кезінде өз еркімен бас тарту туралы ақпарат ескерілмек. Бұл үшінші тұлғалардың банктік несиелер мен микронесиелерді алуына жол бермейді.
«Дербес деректері бар деректер базасының иелері мен операторларына дербес деректердің қауіпсіздігі бұзылғаны туралы бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органды хабардар ету міндеті енгізілуде», - деді депутат Екатерина Смышляева.
Азаматтар өздерінің жеке деректерімен жасалған барлық операциялар туралы жеке кабинетіндегі хабарламалар немесе SMS арқылы біліп отырады. Сонымен қатар депутаттар заң жобасының кейбір нормаларын нақтылау және мазмұнын жақсарту мақсатында түзетулер енгізді.
Атап айтқанда:
- ақпараттандыру объектісінің, сондай-ақ «Электрондық үкіметтің бірыңғай репозиторийінің» «осалдығы» түсінігін нақтылау;
- қарыз алушыларға «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы банктік несиелер мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу құқығын беру;
- бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы шоттарын ашуға байланысты қызметті субъектінің келісімінсіз жүзеге асыруы, зейнетақы жинақтарының сомасы туралы, сондай-ақ шартты зейнетақы шоттары бойынша ақпарат беруі;
- дербес деректері бар деректер базасының иелері мен операторларының бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органды дербес деректердің қауіпсіздігінің бұзылуы туралы хабардар ету міндетін енгізу;
- мемлекеттік органдарға қатысты Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды реттеу;
- цифрлық тау-кен өндіру лицензияларының қолданылуын тоқтата тұруды реттеу.
Содан кейін заң жобасы Сенатқа жіберіледі.