Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрін қабылдады
[ 2019 ] 12 қараша, 10:22 | Қазақстан жаңалықтары
Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрінің Қазақстан әскерінің қазіргі ахуалы мен даму перспективалары туралы есебін тыңдады.
Нұрлан Ермекбаев Мемлекет басшысына Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарын жою туралы баяндады. Әскери ведомство басшысының айтуынша, еліміздегі барлық оқ-дәрі қоймаларына тексеру жүргізілген. Нәтижесінде аталған нысандарды қажетті қауіпсіздік деңгейіне жеткізу және оңтайландыру жоспары дайындалған.
Қорғаныс министрі ведомствоның орталық аппаратының қызметіне функционалды талдау жүргізудің бірінші кезеңі туралы есеп берді. Оның айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде министрліктің, бас штабтың және әскери басқарманың жергілікті органдарының 300-ден аса штаттық бірлігі оңтайландырылды. Соның есебінен 2020 жылдан бастап жыл сайынғы үнем 450 миллион теңгеден асатын болады. Бұл қаржы әскери құрамды материалдық тұрғыдан ынталандыруға бағытталады.
Сонымен қатар Нұрлан Ермекбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа кезекті әскер қатарына шақыру науқанының қорытындылары, қысқы оқыту маусымына дайындық және әскери техникаларды қысқы режимге көшіру жөнінде мәлімет берді. Бұдан бөлек әуе қорғанысы мен әскери-теңіз күштерін дамыту, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери шеруге дайындық, сондай-ақ, әскери қызметшілерді әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселелері қозғалды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Қарулы Күштерін қазіргі заман талабына сай жасақтауға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.
644
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.