Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Әділет министрі Марат Бекетаевты, Президенттің Парламенттегі өкілдігінің басшысы Бейбіт Исабаевты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Ерлан Саиров пен Мұхтар Тайжанды қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әділет министрі Марат Бекетаевқа Үкімет дайындайтын заң жобаларының сапалы орындалуына көңіл бөлуді тапсырды. Бейбіт Исабаев Мемлекет басшысына Парламенттегі өкілдіктің жұмысы, Президент Жолдауы мен сайлауалды бағдарламасында берілген тапсырмаларды іске асыру барысында негізгі басымдықтарды қамтитын заң жобаларының қаралып жатқаны туралы баяндады. Ерлан Саировпен әңгіме барысында еліміздегі қоғамдық-саяси жағдай және әлеуметтік-рухани мәселелер, мемлекеттің аймақтық дамуы туралы талқыланды. Сонымен қатар кездесуде Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттары, еліміздің кейбір шекаралық аудандарының дамуы, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту және жас ұрпаққа сапалы білім беру жағдайы сөз болды. Мұхтар Тайжанмен өткен кездесуде жер мәселесі, әскери-патриоттық тәрбие беру, қылмыстық жазасын өтеген азаматтарды жұмысқа орналастыру жайы қозғалды. Сондай-ақ кездесу барысында өңірлердегі азаматтарды баспанамен және жұмыспен қамту, жол салу, экология мәселелері айтылды.