Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясында әлемді ядролық қарудан азат етуге шақырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. «Ядролық қарусыз әлем құру – бұл еліміздің аса маңызды басымдық берген бағыты. Осы ұмтылыс қазақ халқының жалпыұлттық бірегейлігінің ажырамас бөлігіне айналды. Ол бізге ядролық қаруды жоюға қатысты жаһандық қозғалыстың алғы шебінде болуға моральдық құқық берді. Біз ядролық қарудың игілік емес, жаһандық тұрақтылық пен бейбітшілікке төнген қауіп екендігіне нық сенімдіміз. Өкініштісі, бірқатар елдер бұрынғысынша стратегиялық қорғаныс күштерінде ядролық арсеналға арқа сүйейді, бұл олардың қарсыластарына ассиметриялық жауап беру үшін оны иемдену мәселесін қарауға мәжбүр етеді. Бұл қарымта жауаптың өзі - жаппай қырып-жою қаруы секілді қырғынға апаратын жол», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде. Мемлекет басшысы сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бағыттағы жетістіктерін еске салды. «Біз үлгі көрсеткіміз келеді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Семей ядролық полигонын жауып, ерікті түрде әлемдегі төртінші орындағы ядролық арсеналдан бас тартты. Бұл шешім – ядролық қарудан бас тарту және ядролық қаруды таратпау саласындағы жаһандық көшбасшылық бағыттағы сәтті әрі ұзақ жолдағы алғашқы қадамымыз болды. Осы асыл мұратымызға жету жолында ядролық қарудан азат Орталық Азияның айрықша аймақ болып құрылғанын атап өткім келеді», - деді Президент. «Таяуда Ядролық қаруға тыйым салу туралы келісім ратификацияланды. Біз барлығымыз қауіпсіз болашаққа баратын жол картасы ретінде Ядролық қарудан азат әлемді құру жөніндегі жалпыға ортақ декларацияны сенімді түрде қолдауымыз керек. Біз ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы қарым-қатынастың күшеюіне және сондай жаңа аймақтардың құрылуына ниеттіміз. Иранға қатысты бірлескен іс-қимылдың кешенді жоспары және Корей түбегін денуклеаризациялау жөніндегі ағымдағы мәселелер тараптардың мүдделері мен пікірлері ескеріле отырып, саяси жолмен шешілуі тиістігіне Қазақстан сенеді», - деп атап өтті Мемлекет басшысы. Оның айтуынша, Қазақстан жаһандық аренада бастапқы дипломатия мен арағайындықты қолдайды. «1992 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті осы мінберде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құруды, қауіпсіздік мәселелерін ұжымдасып шешу жолдарын әзірлеу алаңына айналдыруды ұсынды. Кейін аталмыш кеңес өзінің өміршеңдігі мен мақсатқа айқындығын көрсетті. Біз осы үдеріске қосылған барлық серіктестерімізге алғыс айтамыз. Азияның өсіп келе жатқан экономикалық қуаты кешенді құрлықаралық қауіпсіздігінің архитектурасын талап етеді. АӨСШК-ні қауіпсіздік және даму саласындағы толыққанды өңірлік ұйымға айналдыратын кез келді», - деді Қ. Тоқаев.