Қасым-Жомарт Тоқаев Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Зеленский бірін-бірі өз мемлекеттеріндегі ең жоғары қызметке сайлануларымен құттықтады. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы тарихи тамырластық пен ортақ болашақ жайын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Украинамен арадағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін, бұл бағыттағы мүмкіндіктеріміз зор екенін айтты. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Зеленский бір-бірін өз мемлекеттеріне сапармен келуге шақырды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Грузия Президенті Саломе Зурабишвилимен кездесті. [caption id="attachment_85676" align="aligncenter" width="958"] Сурет akorda.kz алынған[/caption] Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы аясында Грузия Президенті Саломе Зурабишвилимен де екіжақты келіссөздер жүргізді. Мемлекеттер көшбасшылары екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық салаларда өзара іс-қимылдарды кеңейту қажеттігін атап өтті. – Қазақстан Сіздің еліңізбен достық қарым-қатынасты дамытуға, саяси диалогты тереңдетуге және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге зор мән береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы бірлескен жұмыстардың, соның ішінде, қазақстандық Ақтау және Құрық порттарын пайдалану арқылы екі ел арасындаға жүк тасымалын жүзеге асырудың маңыздылығын айтты. Өз кезегінде, Саломе Зурабишвили Грузияның инвестициялық және көлік-логистикалық жобаларына Қазақстан капиталының белсенді қатысып отырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.