Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкинді қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап. Алексей Бородавкин Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесуге мүмкіндік бергені үшін ризашылық білдіріп, президент сайлауындағы жеңісіне байланысты Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің құттықтауын жеткізді. – Мен Сізді дауыс берушілер белсенді қатысқан сайлаудағы айқын жеңісіңізбен құттықтаймын. Бұл – таза жеңіс әрі халықтың Сізді Қазақстан Президенті ретінде таңдауының айқын дәлелі, – деді Ресей елшісі. Сонымен қатар, Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарын одан әрі тереңдету және екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастығына қатысты мәселелер талқыланды.