Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Тускпен келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап. Ақорда резиденциясында өткен ресми қарсы алу рәсімінен кейін, Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Тускпен келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Еуропалық кеңес төрағасының сапары Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы байланыстардың дамуына тың серпін беретінін айтты. – Сіздің бұл сапарыңыздың мәні зор. Біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыз тек кеңейе беретініне сенімдімін. Екі тарап та көздеген мақсатқа жетуге мүдделі болғандықтан, біздің қарым-қатынасымыздың болашағы жарқын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Дональд Туск Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін Мемлекет басшысына ризашылық білдірді. – Қонақжайлық танытқандарыңыз үшін көп рахмет. Біздің сіздермен тәжірибеміз бен өзара қарым-қатынастарымыздың тарихы ортақ. Географиялық арақашықтықтың үлкен болғанына қарамастан, Қазақстан біз үшін өңірлік тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ, жаһандық деңгейде де маңызды әрі тұрақты серіктес саналады, – деді Еуропалық кеңес басшысы. Әңгімелесу барысында тараптар әртүрлі саладағы Қазақстан мен Еуропалық одақ ынтымақтастығының перспективаларын талқылады.