Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагардпен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап. Мемлекет басшысы Кристин Лагардқа Астана экономикалық форумына келгені үшін ризашылық білдірді. – Нұр-Сұлтан қаласына қош келдіңіз! Сіздің Астана экономикалық форумына арнайы келіп қатысуыңыз форум жұмысына да, Қазақстанға да тиімді боларына сенім білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Халықаралық қор ынтымақтастығының негізгі бағыттары, сондай-ақ әлемдік қаржы-экономика жүйесінің дамуындағы маңызды үдерістер туралы пікір алмасты.