Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласына ресми сапармен келген, сапар аясында ХII Астана экономикалық форумына қатысатын Грузияның Премьер-Министрі Мамука Бахтадземен келіссөздер жүргізді. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық өзара іс-қимылды одан әрі қарышты дамыту мәселелері талқыланды. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның оныншы отырысының қорытындылары қаралды. 2018 жылы Қазақстан мен Грузия арасындағы сыртқы сауда айналымы 34,6%-ға артып, $100 млн жуық құрады. Үкіметтер басшылары өзара тауар айналымын одан әрі арттырудың қолда бар елеулі әлеуетін атап өтті. Елдік экономикалардың құрылымы туризм, ауыл шаруашылығы, индустрияландыру, көлік, энергетика салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың спектрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Тараптар экономиканың жекелеген салалары және нақты инвестициялық жобалар бойынша тауар айналымының көлемін ұлғайту және номенклатурасын кеңейтуді қамтамасыз ету жөніндегі шешімдерді қабылдауға ниет білдірді. Соның нәтижесінде өзара сауда-саттық көлемдерін қысқа мерзімді кезеңде екі есе ұлғайтып, $300 млн жеткізу көзделген. Транзиттік-көлік саласында, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды. Бұл бағыттағы транзиттік тасымалдар 2015 жылдан бастап 2018 жылға дейін 13 еседен астамға артты. Биыл 120 мың контейнерге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Грузияның Премьер-Министрі Мамука Бахтадзе Қазақстан мен Грузияның тарихи жақсы серіктестер екенін атап өтіп, ынтымақтастықты дамытуды тереңдетуге қызығушылығын білдірді. Өз кезегінде ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин Грузия Премьер-Министрінің сапары өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға елеулі серпін беретінін айтты. «Біздің ортақ міндетіміз – көлемдерді ұлғайтып, елдердің сауда саласындағы өзара іс-қимылына жаңа серпін беретін жобалар мен мүмкіндіктерді жүзеге асыру», — деді А. Мамин. Үкіметтік келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды: 1. Қазақстан Республикасы мен Грузия арасындағы 2019–2022 жылдарға арналған өзара тауар айналымының номенклатурасын кеңейту жөніндегі жол картасы; 2. ҚР Үкіметі мен Грузия Үкіметі арасындағы 2007 жылғы 6 наурыздағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама; 3. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Грузияның Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум; 4. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Грузияның Еңбек, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы әлеуметтік-еңбек саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум.