©
2019 жылғы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, оған бірқатар саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР Орталық сайлау комиссиясына сілтеме жасап. Отырыста қаулылардың жобалары қаралды: 1. 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Төлеутай Сатайұлы Рақымбековты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы. 2. 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы. Бірінші қаулы жобасы туралы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ақылбек Жәмелұлы Ихданов баяндама жасады. 2019 жылғы 26 сәуірде «Ауыл Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі Орталық сайлау комиссиясына Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Төлеутай Сатайұлы Рақымбековтың құжаттарын ұсынды: - «Ауыл Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігін Әділет министрлігінде тіркеу туралы құжаттың көшірмесі қоса тіркелген, осы қоғамдық бірлестіктің жоғарғы органы отырысының Төлеутай Сатайұлы Рақымбековты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы хаттамасынан үзінді; - Төлеутай Сатайұлы Рақымбековтың Президенттікке кандидат болып дауысқа түсуге келісім беру жөніндегі өтініші; - өмірбаяндық деректер; - сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжат. Осы құжаттардың, сондай-ақ кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау негізінде Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылғы 29 сәуірдегі № 21/253 қаулысымен Президенттікке кандидат Төлеутай Сатайұлы Рақымбековтың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігі анықталды және азаматтардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтары берілді. Орталық сайлау комиссиясына кандидатты тіркеу үшін мынадай құжаттар: -Президенттікке кандидат Төлеутай Сатайұлы Рақымбековтың кірістері мен мүлкi туралы декларация тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамасы; -Президенттікке кандидат Төлеутай Сатайұлы Рақымбековта оны тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды; - аумақтық сайлау комиссияларының Президенттікке кандидат Төлеутай Сатайұлы Рақымбековты қолдап жиналған азаматтардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамалары ұсынылды. Осы хаттамаларға сәйкес Президенттікке кандидат Төлеутай Сатайұлы Рақымбековты қолдап Қазақстанның барлық 15 өңірінен 122 309 азаматтың қолы жиналды, олардың 120 754-і рас деп танылды. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылғы 15 сәуірдегі № 13/237 қаулысымен белгіленген Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдайтын рас қолдардың қажетті саны кемінде 118 140 қолды құрайды. Төлеутай Сатайұлы Рақымбековты Президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді. Жоғарыда баяндалғанның негізінде «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Төлеутай Сатайұлы Рақымбековты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы» қаулы қабылданды. Қаулымен төмендегілер белгіленді: - 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Төлеутай Сатайұлы Рақымбеков Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркелсін; - Президенттікке кандидат Төлеутай Сатайұлы Рақымбековқа тиісті куәлік берілсін; -Президенттікке кандидат Төлеутай Сатайұлы Рақымбековтың тіркелгені туралы мәліметтер арнаулы уақытша шот ашу үшін "Қазақстан Халықтық жинақ банкі" акционерлік қоғамына берілсін; -бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Төлеутай Сатайұлы Рақымбековтың тіркелгені туралы хабар жариялансын. 2. 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Хамитқызы Баймолдина өз баяндамасында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 20-2-бабына сәйкес шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша жүзеге асырады – деп хабарлады. 2019 жылғы 29 сәуірде, 2 және 3 мамырда Сыртқы істер министрлігінен 45 байқаушыларды аккредитеуге ұсыныстар келіп түсті. Олардың барлығы аккредиттеуге шығарылып отыр. Олардың ішінен: ● 7 байқаушы – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан Байқаушылар миссиясы құрамында; ● 22 байқаушы – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан; ● 12 байқаушы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясынан; ● 4 байқаушы – Ислам ынтымақтастығы ұйымы миссиясынан аккредиттеледі. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мен ТМД миссияларының ақпаратына сәйкес сайлауға 700-ден астам қысқа мерзімді байқаушыны жіберу жорамалданып отыр. Аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар жөніндегі деректер жаңартылып отыратын болады. Сондай-ақ бүгінгі күні Сыртқы істер министрлігіне сайлауды жария ету үшін шетелдік корреспонденттерден 53 өтінім келіп түсті. Жалпы алғанда, Сыртқы істер министрлігінде тұрақты негізде 28 шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 94 журналисі аккредиттелді. Миссиялардың басшылары болып мыналар тағайындалды: ● ТМД-дан Байқаушылар миссиясы – ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы - Атқарушы хатшысы Сергей Николаевич Лебедев; - ТМД қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан байқаушылар тобы – Бас хатшы - ТМД ПАА Кеңесі Хатшылығының басшысы Дмитрий Аркадьевич Кобицкий; ● ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Сайлауды байқау жөніндегі миссиясы – Уршула Гацек (Польшаның Еуропа Кеңесіндегі бұрынғы Елшісі, Польшаның Нью-Йорктегі Бас консулы, Сейм депутаты); ● Шанхай ынтықмақтастық ұйымынан Байқаушылар миссиясы – Шанхай ынтықмақтастық ұйымының Бас хатшысы Владимир Имамович Норов; ● Ислам ынтымақтастығы ұйымынан Байқаушылар миссиясы – Елші, Ислам ынтымақтастығы ұйымының Саяси мәселелер жөніндегі департамент директоры – Махмуд Аль Раиси (Оман). Жоғарыда баяндалғанның негізінде осы уақытқа ұсынылған байқаушыларды қамтитын халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу жөнінде Орталық сайлау комиссиясы қаулысы қабылданды.