Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларды сессия жұмысының басталуымен құттықтап, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды рөлін атап өтті. – Жаһандық әлем күшті трансформацияны бастан өткеріп отыр. Біз бәріміз мүлде жаңа тарихи дәуірде өмір сүріп жатқанымызды түсінеміз. Экономика, қоғам өмірі және технология түбегейлі өзгерді. Бұл жаңалықтарды қабылдап, көп нәрсені үйренеміз, біраз нәрсені істей аламыз. Бірақ, бұл құбылмалы әлемде бір ғана мәңгі әрі кешенді құндылық бар. Ол – қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім, – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдары Қазақстан халқының елімізде этносаралық қарым-қатынастардың келешегіне қатысты деструктивті болжамдардың бәрін жоққа шығарғанына назар аударды. – Біз экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мықты мемлекет құрдық. Тарих сынақтарының бәрін бірге еңсердік. Прагматикалық және сарабдал сыртқы саясатымыздың арқасында халықаралық беделімізді биіктеттік. Еліміздегі этносаралық қарым-қатынастардың үлгісі теңдестірілген, уақыт жағынан тиімді әрі тәжірибеден өткізілген. Бұл бәріне үлгі болуға тиіс, – деді Елбасы. Сессия барысында Елбасы Қазақстан қоғамындағы тұрақтылықты сақтау үшін барлық тетіктердің қалыпты әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті мемлекеттік органдар жанындағы медиация институты мен қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар, Елбасы Ассамблея кәсіпкерлерінің қауымдастығы арқылы шетелдік инвесторлармен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық корпусының әлеуетін белсенді пайдалануға шақырды. Нұрсұлтан Назарбаев сөйлеген сөзінде барша мұсылман қауымын алдағы қасиетті Рамазан айының басталуымен және православ христиан өкілдерін Пасха мерекесімен құттықтады. – Халқымызға, соның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық мүшесіне қолдау көрсетіп, түсіністік танытқаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Президент сайлауы 9 маусымға тағайындалды. «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасы ұсынылды. Ол – тәжірибелі мемлекет қайраткері, елге басшылық етуге лайық Қазақстанның нағыз патриоты. Барша қазақстандықтарды, Ассамблеяның мүшелерін алдағы сайлауға белсенді атсалысып, тағы бір рет бірлігімізді танытуға шақырамын. Барша қазақстандықтарға аспандарының ашық болуын, әр отбасына бейбіт өмір, амандық және бақ-береке тілеймін, – деді Тұңғыш Президент. Сессия барысында ҚХА Төрағасының жаңа орынбасарлары болып Юсуп Келигов және Шерзод Пулатов тағайындалды. Елбасының сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына жерден оқи аласыздар.