«Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін кезектен тыс президент сайлауына Төлеутай Рахымбековті ұсынды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Бұл туралы партия төрағасы Әли Бектаев елордада «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс XV съезінде мәлімдеді. «Ауылдардың, әсіресе көпбалалы жанұялар, ауыл шаруашылығы мәселелері маған жақсы таныс. Сонымен бірге, қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол, кәсіпорындар, өндіріс, ғылым тақырыбында да тәжірибем жетерлік», - деп атап өтті Т. Рахымбеков. Партияның кезектен тыс XV съезінде пікірталас жүріп жатыр, кандидат кейінірек дауыс беру арқылы бекітіледі. Төлеутай Сатайұлы Рахымбеков 1964 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде туған. 1986 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтын инженер-механик мамандығы бойынша үздік бітірген. 1992 жылы Мәскеуде Бүкілодақтық ауыл шаруашылығын электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын тәмамдаған. 2001 жылы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. 2005 жылы Экономика ғылымдарының докторы атанған. Еңбек жолын ол 1986 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтының кіші ғылыми қызметкері, аспиранты болып бастаған. 1987 жылы - Жезқазған облысы Жаңаарқа ауыл шаруашылығын механикаландыру және материалдық-техникалық жабдықтау кәсіпорнының (ауданауылшартехника) инженер-ақау жөндеушісі, цех шебері, аға бақылаушы шебері, аға инженер-технологы. 1989 жылы - Бүкілодақтық ауыл шаруашылығын электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының аспиранты. 1992 жылы - «Жазира» ШЖК директоры, «Дана» ШЖК директоры, «ДанаБизнес» шағын бизнес орталығы» АҚ президенті, «Жезқазған облыстық шағын және орта бизнес орталығы» ЖШС бас директоры. 1999 жылы - Қарағанды облысы Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары. 2001 жылы - О.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің кафедра доценті. 2002 жылдан - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма бастығы, департамент директоры. 2006 жылы - ҚР Көлікжәне коммуникациялар министрлігінің департамент директоры. 2007 жылдан - ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі жанындағы «ҚазАгроИнновация» АҚ президенті. 2009 жылдың наурызынан - ҚР Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі. 2 009 жылдың қарашасынан - «Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау және дамыту ортағы» АҚ басқарма төрағасы. 2009 жылдың желтоқсанынан бері - Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болды. Кейінірек, ТКШ ұлттық палатасын, «Атамекен» ҰКП Агробірлік орталығын басқарып, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметін атқарған. 2019 жылдың сәуір айынан бері «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» АҚ басқарма төрағасы болды. Еске сала кетсек, 9 сәуірде республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Конституциясына сәйкес ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу жөнінде шешімін жариялады.