Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевты қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап. Мемлекет басшысына еліміздегі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға көрсетіліп жатқан көмектер бойынша және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жұмыссыздықпен күрес туралы баяндалды. Министр кәсіп ашуға гранттар, шағын несиелер берілетінін, мамандығы жоқ азаматтарды қайта оқытып, жастар практикасы мен қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы жылына орта есеппен 370 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланғаны туралы мәлімет берді. Б.Сапарбаевтың айтуынша, алдағы үш жылда кемінде 1 млн. 100 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Сонымен қатар, елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қорғау жөніндегі ұлттық жоспардың дайындалып жатқандығын, ішкі және сыртқы көші-қон саясатының жүзеге асырылуын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев халықты әлеуметтік қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның сапалы жүзеге асырылуы маңызды екеніне тоқталып, әсіресе аз қамтылған көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, жұмыссыздық деңгейін 4,5%-тен асырмау қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдаудың маңыздылығын айтты. Мемлекет басшысы әлеуметтік бағдарламалардың уақытылы және сапалы атқарылуына байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.