Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловты қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап. Мемлекет басшысына министрліктің биылғы бірінші тоқсанда атқарған жұмыстарының негізгі қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары жөнінде мәлімет берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық саясатты жүзеге асырудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ, сыртқы нарықтағы Қазақстан экспортын ілгерілету қажеттігін айтты. Бейбіт Атамқұлов инвестиция тарту жөніндегі мемлекеттік құрылымдардың, соның ішінде өңірлік деңгейдегі өзара іс-қимылдарды жақсарту үшін қабылданған жүйелі шаралар туралы баяндады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін алдағы сапарлар мен сыртқы саяси шаралардың кестесі талқыланды. Соңында Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.